Мықты актер өз рөлінің бапкері

Құрметті оқырман! Назарларыңызға 13-14 маусым күндері көрерменге жол тартатын Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық  драмасының басты кейіпкері, Төлеген рөлін сомдайтын Қазақстан Жастар одағы «Серпер» Жастар сыйлығының иегері, актер  Шаяхметов Алмас Мұратбекұлымен болған сұхбатымызды ұсынамыз.

 Е.Тоқтар: Театрымызда тұңғыш рет Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасы сахналанып отыр. Сахнадағы әр роль – бір ғұмыр. Төлегенді сомдау Сізге қаншалықты қиындық тудырды? Әлде, оңайға түсті?...

 А. Шаяхметов: Төлеген рөлін сомдау барлық актердің арманы. Асанәлі ағамыз әлі күнге дейін ұлы Абайды сомдауды армандаймын дейді. Сол сияқты, әр актердің «арман кейіпкері» болады. Аллаға шүкір, біршама қойылымдарда басты рөлді сомдадым. Соның ішіндегі жаныма жақыны біртуар ақын Мағжанның рөлі. Ақан серіде ойнадым. Халық жақсы қабылдады. Әр рөлің туған балаң сияқты. Әр рөлімнің шығармашылық өмірімдегі аларлық орны ерекше.


Сіз айтып отырған Төлеген образы жаныма жақын. Құман ағамыз шырқау шегіне жеткізіп ойнаған Төлеген рөлі маған үлкен жауапкершілікті міндеттейді. «Қыз Жібек» музыкалық драмасындағы кез-келген кейіпкерді сомдау үлкен шеберлікті талап етеді. Сондықтан, жалпы қойылымның актерлік құрамы тарихта өшпес із қылдырарлық деңгейде ойын көрсетуге жан-жақты ізденіс үстінде. Жібек, Бекежан, Шеге, Дүрия т.б. негізгі рөлдердегі әріптестеріммен күні-түні дайындық жасаудамыз. «Қыз Жібек» музыкалық драмасы театрымыздың төлқұжатына айналатын болады деп ойлаймыз. Қойылымда отызға жуық ән айтылады. Қазақтың салт- дәстүрі осы қойылымда кеңінен қамтылған. Төлеген рөлі маған бұйырған бақ деп айтсам артық болмас. Басында қиынға соқты. Дегенмен әр дайындық сайын шыңдалып жатырмыз.Төлеген шынайы кейіпкер. Сахнада жалған ойнауға жаны қас адаммын. Сахна – өмірдің қойылымы. Маған сенім артқан режиссердің, театр ұжымының намысы үшін аянып қалмаймын. Сондай-ақ, «Қыз Жібек» ел өміріндегі маңызды шара «Экспо-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының Астана қаласындағы гастрольдік сапарында 23 маусым күні сағат 19-00де Астана Жастар театрының сахнасында әлем жұртшылығының назарына ұсынылмақ. Бұл жалпы театрымыздың тарихындағы елеулі шақ...

Е.Тоқтар: Біршама тарихи тұлғаларымыздың рөлін сомдадыңыз. Мағжан ақын, Ақан сері, Төлеген образы. Бәрінің өмірі өкінішпен аяқталады. Айтайын дегенім, актерде адам ғой. Жаныңызға ауыр емес пе?

А.Шаяхметов: Мынау бір керемет сұрақ екен. Шынымен ауыр тиетіні рас. М.Жұмабаев қазағым деп қан жұтып, өз заманының шеңберіне сыймай, ату жазасына кесілген алып арыстарымыздың бірі ғой. Ақан серінің өмірін зерттеп, соны  жаныма сіңіру ұзақ уақытты талап етті. Бәріне шынайы еңбекпен ғана жетесің. Қиындықпен жеткен жеңіс тәтті болады ғой. Төлеген рөлі – шу асау арғымақ десек, ақырын жанына жақындап, жалынан сипап, ерттеп мініп, енді ғана тізгінін қолға ала бастадым. Енді арғымақ образды баптап, ұзақ жолға жүгіртіп, бәйгелерде бас жүлдені қанжығалатып отыруым тікелей өзіме байланысты... Мықты актер өз рөлінің бапкері. Актер сахнаға шыққан сайын ашыла түседі. Егер шығармашылық тұлғаның ой жүйесі мықты болса, ол Ұлы образдарға жол бастайды.

Е.Тоқтар: Есмұхан Обаев ағамыз бір сұхбатында «Мен  шәкірттеріммен мақтанамын» деп еді. Сіз Есағаңның шеберханасынан білім алдыңыз. Обаев шәкірттері қандай болуы керек деп ойлайсыз?

А. Шаяхметов: Есағамның шәкірттері сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Есағам менің өнердегі әкем, ұлағатты ұстазым. Ұстазыммен мақтанамын, амандығын тілеймін, менің жеткен жетістігімнің бәрі Есағамның жеткен жетістігі. Мықты маман болудан бұрын, алдымен адам болыңдар деп тәрбиеледі. Еркебұлан (Дайыров) екеумізді  үшінші  курстан бастап театрға жұмысқа алды. Есағам бізді  тек теледидардан көріп жүретін өнер майталмандарының  ортасына әкеліп тастай салғанда, қол-аяғымыз қалай дірілдегенін әлі ұмытпаспыз. Содан бері он жылдан астам уақыт өтіпті. Есағамның мақтанатындай жөні бар. Шәкірттері театр және кино саласында сүбелі образдар жасап жүр. Мысалы, Берік Айтжанов ағамыздың өзі  өнер өзенінде жүзген алып кеме іспетті. Осының бәрі де Есағаңның тәрбиесінен бастау алған!

Е.Тоқтар: Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!Алдағы премьераларыңыз құтты болсын!

                                                                                     

Сұхбаттасқан: Ержан Тоқтар