Театрды сағынып келдім...

13-14 маусым күндері «Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы өтеді. Осыған орай Бекежанның рөлін сомдаушы Асан Киркабаковпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз!

- Асан, өнерге қалай келдіңіз?

- Негізі менің әкем өнер адамы. Әкем ең алғашқы опера студиясының түлектерінің бірі. Абай атындағы опера және балет театрында қызмет еткен. Өнер әкемнен дарыған болуы керек. Отбасым мені кішкентайымнан өнерге баулыды. Оқушы кезімнен көптеген конкурстарда бақ сынап жүрдім. Кейінірек 2001-2005 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білім алдым.

- Театрға жаңадан қызметке тұрып жатырсыз. Қандай әсердесіз?

- Әрине, жақсы сезімдемін. 5 жылдай сахнаға шықпадым. Театрды сағынып келдім. Бес жыл деген актер үшін аз уақыт емес. Өзім жұмысқа 91 маусымның соңғы айларында келіп отырмын. Сондықтан, бас-аяғы бір жарым айдың ішінде барлығын қайта қалпына келтіру өте қиын. Театрымыздың аға буын актерлері өз ақыл-кеңестерін беріп отырады. Бұл маған үлкен көмегін тигізуде.

- 13,14 маусым күндері «Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы өтеді. Сіз Бекежанның рөліндесіз. Дайындығыңыз қалай?

-  Премьераға аздаған күндер қалды. Күнде дайындық. Актерлер ысылып, жұмыс жинақыланып қалды. Спектакльдегі ариаларды жанды дауыста орындау әлі де көп дайындықты талап етеді. Барынша тырысып, еңбектеніп жатырмыз. Театр сахнасындағы  алғашқы рөлім. Аздаған қобалжу бар. Бірақ, театрымызда тұңғыш рет сахналанып отырған «Қыз Жібектің» Бекежаны осал болмауы керек! Көрермен бағасын бере жатар...

- Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

- 2016 жылы мен көптеген фильмдердің басты рөлдерінде ойнадым. Бір жыл демалыссыз еңбек еттім. Бірақ, жүрек қалауым қашанда театр болатын. Өз орнымды театрда деп білдім. Театрды армандадым. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында достарым М.Горькийдің «Шыңырау түбінде» қойылымын сахналап жатыр екен. Сол қойылымда Лука деген кейіпкердің рөлін ойнайтын болдым... Осылай жолым болып, Әуезов театрының актерлік құрамына да алынып, жаңа қойылым «Қыз Жібекте» Бекежан рөлі бұйырып, премьераға да жетіп отырмыз! Аллаға шүкір деймін! Жастық жігеріміз барда мұнымен тоқтап қалмаймыз! Алға қойған мақсатым да, арманым да өте көп!

- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз! Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан: Ержан Тоқтар