Өнерде де маңызды өзгерістер болуы мүмкін

"Мемлекеттік қысқа және ұзақ мерзімді стратегиялық жос­пар жасап, оны кезең-кезеңмен жүзеге асырып отыру – өркениетті, заманауи елдердің үлесі. Тәуелсіздігімізге отыз жылға таяу уақыт ішінде қаншалықты күрделі жағдайларды бастан өткерсе осы қағиданы ұстанып, дамып келе жатқан еліміздің мемлекеттік сындарлы стратегиясының нәтижелері бүгінгідей сын сәтте де айқын көрінуде",- дейді  Әлия Бөпежанова "Егемен Қазақстан" газетіне берген мақаласында.

Бүкіләлемдік қауым­дас­тық­тың беделді бір мүшесіне айналған Қазақстан бетпе-бет келіп отырған індетпен әлем елдерімен тізе қоса отырып күресуде және негізгі ұстанымы Ата Заңында жазылғандай, «...ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі...» болып отыр. Республика Президенті Қ.Тоқаевтың елімізде төтенше жағ­дай жариялауы және оны тағы 11 мамырға дейін ұзар­ту туралы шешімінің бас­ты мақ­саты да – адам өмірін сақтау, індеттің жаппай таралуына жол бермеу.

Жалпы, жоғарғы биліктің жоспарлары, қимыл-қарекет­терінің қоғам үшін қашанда, ал осындай күрделі кезеңде әсіресе маңызды. Президент Қ.Тоқаевтың 27 сәуірде жаса­ған мәлімдемесінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты және мемлекеттің дағ­дарыс­қа қарсы жан-жақты іс-шара­лары айқын көрсетіліп, бүгін­гі қоғамдық-әлеуметтік, эконо­ми­калық ахуал барынша қам­тылғаны қалың жұртшылықтың көңілінен шықты. «...Қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біз­дің назарымызда болады. Мем­лекет ешкімді қиындықта қалдырмайды» деді Президент. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев та 8 сә­уір­дегі жарияланған мақаласында, бір­де-бір адам, еліміздің еш­бір азаматы қамқорлықсыз қалмай­тынын атап көрсеткен болатын. Мұның өзі адамдарға сенім мен күш-қуат береді, өзін қабырғалы елдің азаматы екенін сезінуге бастайды және жауапкершілігін күшейтеді.

Мәлімдеменің ерекше бір мазмұнын – еліміздің алдағы өміріне, дағдарыстан кейінгі кезеңге байланысты кешенді жоспарлар мен шаралар айқын­дайды. «Біз қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалуымыз керек. Бұл жөнінде Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің 24 сәуірде өткен отырысында нақты айтты. Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды дайындайды. Онда дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылады» деді Президент Қ.Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы, бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отырғанын, біз енді шын мәнінде мүлде жаңа жағдайда өмір сүретінімізді, сондықтан да экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажеттігін ерекше қадап айтты. Біздіңше, бұл – алдағы дамуымыздың нақты бір шарты.

Экономикаға және мем­ле­кеттік басқару жүйесіне жасалатын ауқымды әрі маңызды өзгерістерді қабылдай білу – қоғамның аса сергектігін, жаңа білімін, іргелі мәдениетін қажет етеді. Бұл тұста мейлінше жасам­паздық рөл атқаруы тиіс өнер­дің де дамуы, рухани айна­лымға түсуі, қоғаммен коммуникациясы бағытында бірталай маңызды өзгерістер жүруі мүмкін. Сонымен қатар өнерді, кейде тіпті өмірді өзінше проекциялайтын БАҚ пен Электронды БАҚ және әлеуметтік желілерде. Әрине бәрін уақыт көрсетеді. Қалай дегенде де алдағы күннен тек жақсылық күтетін, әр нәрсені түбінен ойлайтын, «сабыр түбі – сары алтын дейтін» халықпыз. Елдің бірлігі мен берекесі, жоғарғы билік пен қоғамның бір мақсат жолында жұмыла қарекет етуі – жақсылыққа, жарқын күндерге бастасын.

 

Әлия БӨПЕЖАНОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

 

АЛМАТЫ