Пресс-конференция өтті

Бүгін 92-ші театр маусымының ашылуына орай театрда БАҚ өкілдерінің қатысуымен пресс-конференция өтті.


Пресс-конференцияға театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директорының кеңесшісі Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты  Әлия Бөпежанова және «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы қатысты. Жиынның модераторы театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан болды.


Бұл бас қосуда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығына орай  тұңғыш рет ұйымдастырылған Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрме туралы, сондай-ақ, театрдың алдағы шығармашылық жоспарлары мен алдағы күндері өткізілетін іс-шаралары жайлы сөз қозғалды. Сонымен қатар, театр қызметкерлері Лондон сапарындағы әсерлерімен бөлісті.


92-ші маусымашараға арналған пресс-конференцияның қорытындысында театр ұжымы шығарған театр альбомы мен 8 театрдың тарихы қамтылған буклет-кітапша БАҚ өкілдеріне таныстырылды.

Баспасөз қызметі