«Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрме ашылды

Бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 92-ші  маусымының ашылуына орай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы аясында  «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру»  атты Алматы қаласындағы 8 театрдың басын қосқан көрмені салтанатты түрде ашты.


Көрменің ашылу салтанатында Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов құттықтау лебізін жеткізді. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының орынбасары Қанат Қаражанов ұжымдарының атынан ақ пейіл, ақжарма тілектерін жеткізді.


Құттықтау сөздерінен соң көрменің лентасы қиылып, Әуезов театры «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы көрмеге қойылған құнды жәдігерлермен таныстырды.


Бұл көрменің мақсаты –  өскелең ұрпаққа, театр өнеріне  қызығатын ізденушілерге, жалпы өнерсүйгіш қауымға қазақ өнерінің қарашаңырағы, 92 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының құрылған кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі өнер шежіресінен сыр шертіп және Алматы қаласында орналасқан мәдени ордалардың басын қосу арқылы олардың тарихын бір арнада тоғыстырып, театр музейінің тыныс-тіршілігінен хабар бере отырып, мол мұра, құнды жәдігерлері туралы  мағлұмат беру.


Көрмеге қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық неміс драма театры, Мемлекеттік Республикалық корей музыкалық комедия театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры және  М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының құнды жәдігерлері қойылды.


8 театр музейінің басын қосып көрме ұйымдастырудың мақсаты – ұлт руханиятының тұтастығын ту қылып, еліміздегі барлық театрлардың музейіндегі құндылықтар мен жәдігер-мұралардың басын біріктіретін республикалық деңгейде көрме ұйымдастыру. Бұл қазақ театр өнеріндегі ұлттық қазынамыздың қайнар бұлағы, жаңған шырағы болмақ.

Баспасөз қызметі