Маусымашардағы мәртебелі міндеттер

Өнер – өнегелі өмірдің өзегіндегі өрттей лаулаған өлшеусіз бақыт. Жандырады, күйдіреді, жалындатады, ... жалп еткізіп сөндіреді. Мың соқпақты тағдырдың жолын жасап, жаныңды жазықсыз жалғанға байлап қоятыны да сондықтан. Ал, театр – сондай аласапыран дүниенің алтын қазаны... Қайнайды, тасиды, кейде, қаңсиды...

Әмәнда алтын қазанның амандығын тілейміз...

Сондықтан да шығар, ықылымнан келе жатқан театр тарихының тамыр соғысы - уақытқа бағынышты емес. Керісінше, күні бүгінге дейін театрдан, әркім өз тағдыры мен тарихын іздеп, мәдениеттілігі мен зиялылығын зерделеп көргісі келеді.. Кез келген өнерсүйер қауым үшін рухани ләззат беріп, эстетикалық тәрбиені сіңіретін де...  ол – театр.  М. Әуезов театры -  сондай өнер ордаларының қазығы һәм қарашаңырағы.


Кеше 11-қазан сол өнер ордаларының қазығы һәм қарашаңырағы Мұхтар Әуезов театры 92-маусымның шымылдырығын ашты. Бұл маусымның пресс-конференциясына театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театр директорының кеңесшісі, режиссер Есмұқан Обаев, «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты  Әлия Бөпежанова, «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы, «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан сынды театр қызметкерлері қатысып, бүгінге дейінгі атқарылған іс-шаралар жайында есеп беріп, келешекте орын алатын жоспарларымен бөлісті.


Болашақтың бүтіндігі – өткен кезеңдердегі тағылымы мол тарихқа көз жүгіртіп, бас июден басталады. Қабырғасын қасиетпен қатайтып, қанатын театр арқылы кеңге жайған қаншама тұлғаның театр сахнасында табанының табы қалды десеңші. Сол тағдырлы тұлғаларды тудай желбіретіп, тұтынған дүниелерін кейінгі ұрпақ үшін қасиет пен киеге айналдыра білетін құтхана, ұлағаттар мен мұрағаттарға толы жәдігерлерді жансыз сөйлетіп, талайға тағылым беретін тарихи дәрісхана – ол музей!


Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының идеясымен, театрымыздың директоры Ерлан Біләлдің ұйымдастыруымен «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты Алматы қаласы бойынша 8 театрдың музейінің басын біріктірген үлкен жоба бастау алды. Болашақта Республикалық деңгейде қазақ өнерінің өткенін жинақтап, насихаттайтын бұл жобаның ауқымы кең. Республикадағы барлық театрлардың музей мұрағаттарының басын қосып, ұлт мәдениетінің мәртебесін көтеретін көрме ұйымдастыру жоспарда бар. «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» көрмесі көрермен көңілінен шығып қана қоймай, қатпар-қатпар тарихтың қалтарысында қалдыра алмайтын тұлғалардың ғұмырынан үзік-үзік сыр шертетін жәдігерлермен таныс болды.


Өнер адамы арқалаған жүгімен, атқарған шаруасымен, адуынды тағдырымен, шалажансар тіршілікке жан бітірерлік қуаттылығымен бағалы. 92-маусым басталғанға дейінгі жұмыс барысында театр ұжымы Атырау қаласына гастрольдік сапарда болды, сонымен қатар, Ақтау, Астана қалаларында фестивальге қатысып қайтты. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ықпалымен алғаш рет Лондон қаласында өнер көрсетіп, Еуропа жұртшылығының ыстық ықыласына ие болды.


Бұл маусым қазақ өнері үшін, жалпы қазақ елі үшін ерекше маусым. Себебі, мәңгі өнерді тудырған, қаламынан қасиет тамған жазушы Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл, әр өнер адамының сағын сындырмай, шығармашылықтың шыңына сүйреген сыншы Әшірбек Сығайға 70 жыл, әкем театрдың Мәмбетов кезеңін қалыптастырған режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың туғанына 85 жыл. Әрқайсысы өз биігінде болашақ үшін ерінбей тер төккен еңселі тұлғалар. Алдағы уақытта Асқар Сүлейменовтың «Адасқақ», Айдана Мұратқызының «Бір күндік ғұмыр» премьералары көрерменге жол тартады.


«Абай» спектаклімен ашылған 92-маусым жаңалықтарға толы. Кезекті демалыстан соң театр ұжымы ерекше серпінмен, тың құлшыныспен іске кірісті. Өзгеше өріммен өрбитін, жаңа тыныспен бастау алатын бұл маусымда көрермендер де ұжымның кәсіби шеберлігіне, сахна өнерінің киесіне тағы бір көз жеткізеді деп кәміл сенеміз! «Театр – көрерменнің тіпті түсінде көрмеген не армандамаған ойларының орындалатын орны» - демекші ұлт руханиятының қарашаңырағы әлемдік кеңістікте қазақ өнерінің қанатын кеңге жайып, ең үздік өнер ордаларының қатарында салтанат құрары ақиқат!

Нұртас Тұрғанбек